1949 жылы Сталиндік сыйлықты алғаннан кейін Мұхтар Әуезов М.Төлебаев көшесі 185-үй мекен-жайында орналасқан жер учаскесін екі мұғалімнен сатып алады. Осында салынатын үйдің дизайнын жазушы алғашқы Үкімет Үйі (1931 жыл) мен ГАТОБ (қазіргі Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театры) ғимараттарын салған кеңестік танымал сәулетші Георгий Герасимовпен бірге жасайды.
Мұхтар Әуезов Абай, Лев Толстой мұражай-үйлерінің бейнесімен шабыттанғандықтан, үйдің терассасы Лев Толстойдың Тула қаласындағы жазғы террасасына сырттай ұқсас жасалған.
Екі қабаттан тұратын бұл үйде Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы он жылын (1951-1961 жж.) өткізді. Жазушы 1951 жылдың 18 тамызында әдебиет зерттеушісі З.С.Кедринаға жазған хатында бұл үйге жанұясымен 1951 жылы маусымның аяғында көшіп келгенін, ал үй құрылысы 1950 жылдың мамыр айында басталғанын хабарлайды. Осы үйде қаламгер әйгілі төрт томдық «Абай жолы» эпопеясына байланысты ұзақ жылдарға созылған қажырлы еңбегіне нүкте қойды. ⠀
1961 жылы Мұхтар Әуезовтің дүниеден озуына байланысты ҚазКСР Министрлер Кеңесі жазушы есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында оның тұрған үйін мұражай ету туралы Қаулы шығарады (1961 жылы 10 тамыз).
1963 жылы қарашаның 28-жұлдызында Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық мұражай-үйі өзінің алғашқы келушілеріне есігін ашты. Үйде жеті бөлме бар, оның төртеуі – бірінші қабатта, үшеуі – екінші қабатта орналасқан.
Мұражай ашылған сәттен бастап кейінгі 30 жыл ішінде оның жетекшісі жазушының қызы Лейла Мұхтарқызы Әуезова болды. ⠀
2000 жылдары мұражай М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының құрамына қосылып, мұражай жанында қосалқы ғимаратта Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы мен өмірін зерделеуге бағытталған ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істей бастады.
Жазушының 60 жылдығына сыйланған екі салт атты қазақтың мүсіні. Біреуі қонақ бөлмеде, екіншісі М.Әуезовтің ұлы Ернардың бөлмесінде тұр.
1872 ж. үлгісі бойынша жасалынған "Атқа мінген қазақ" (авторлық атауы - "Түтік тартып отырған қазақ") жанрлық мүсіні. Мүсінші А.Обер, 1914 жылы қалыпқа келтірген Тепляков. Материалы: шойын. Техникасы: құйма, чеканка. Көлемі: 35,5 х 39 см.
Мүсіннің авторы Обер Артемий Лаврентьевич (1843 - 1917) - танымал орыс мүсіншісі, академик.
Мүсінде жылқының үстінде теріден жасалған басы үшкір келген құлақшын мен шапан киген қазақ бейнеленген. Ол оң білегіне аттың тізгінін орап ап, аузына ұзыннан иілген түтік ұстап отыр.
Бірінші қабаттағы қонақ бөлмеде Мұхтар Әуезов бастаған жанұя мүшелері кешқұрым түгел жиналатын. Мұнда әрдайым жылы да жанға жайлы күй орнайтын. Кешкілікте олар теледидардан берілетін қызғылықты хабарларды бірге көретін. Бөлмедегі М.Әуезовпен ұзақ жылдар бойы достық қарым-қатынаста болған КСРО Халық суретшісі Орал Таңсықбаевтың «Көктөбе», Қазақстанның халық суретшісі, еліміздің кәсіби бейнелеу өнерінің қалыптасып, дамуына өз үлесін қосқан А.Черкасскийдің «Таушымылдық» («Пионы») натюрморты және жазушы отбасының үлкен досы, Татарстанның халық суретшісі, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда қызмет еткен Бақи Урманченің «Раушан гүлдер» («Розы») атты картинасы құнды жәдігерлер қатарына жатады.
Сондай-ақ қонақ бөлмедегі сәнді бұйымдар қатарында екі «Қаз» бейнесі қондырылған қола күлсауыт, Вьетнам жазушылары 1958 жылы сыйлаған «Шылым қорапшасы», піл сүйегіне өрнектелген Тәжі-Махал мавзолейі мен Индия, Жапонияда жасалған қолөнер туындылары және басқа да экспонаттар ерекше әсемдік дарытады. Есіктің жанында 1930-шы жылдардағы "Петроф" пианиносы тұр. Бұл пианинода Мұхтар Әуезовтің жары мен қызы ойнайтын.