МҰРАЖАЙ ТАРИХЫ

1961 жылы Мұхтар Әуезов қайтыс болғаннан кейін ҚазКСР Министрлер Кеңесі жазушы есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында оның тұрған үйін мұражай ету туралы Қаулы шығарды (1961 жылы 10 тамызда). 1963 жылы қарашаның 28-інші жұлдызында Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музей-үйі өзінің алғашқы келушілеріне есігін ашты. Екі қабаттан тұратын бұл үйде Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы он жылын өткізді (1951-1961). 1951 жылдың 18 тамызында әдебиет зерттеушісі З.С.Кедринаға жазған хатында мұнда жанұясымен 1951 жылы маусымның аяғында көшіп келгенін, ал үй құрылысы 1950 жылдың мамыр айында басталғанын хабарлайды. Осы үйде қаламгер әйгілі төрт томдық «Абай жолы» эпопеясына байланысты ұзақ жылдарға созылған қажырлы еңбегіне нүкте қойды. Бұл үйдің жобасын жасаған сәулетші Г.Герасимов. Үйде жеті бөлме бар, оның төртеуі – бірінші қабатта, үшеуі – екінші қабатта орналасқан. Бірінші қабаттағы қонақ бөлмеде Мұхтар Әуезов бастаған жанұя мүшелері кешқұрым түгел жиналатын. Мұнда әрдайым жылы да жанға жайлы күй орнайтын. Кешкілікте олар теледидардан берілетін қызғылықты хабарларды бірге көретін. Бөлмеде М.Әуезовпен ұзақ жылдар бойы достық қарым-қатынаста болған КСРО Халық суретшісі Орал Таңсықбаевтың «Көктөбе», Қазақстанның халық суретшісі, еліміздің кәсіби бейнелеу өнерінің қалыптасып, дамуына өз үлесін қосқан А.Черкасскийдің «Таушымылдық» («Пионы») натюрморты және жазушы отбасының үлкен досы, Татарстанның халық суретшісі, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда қызмет еткен Бақи Урманченің «Раушан гүлдер» («Розы») атты картинасы құнды жәдігерлер қатарына жатады. Сондай-ақ бөлмедегі сәнді бұйымдар қатарында екі «Қаз» бейнесі қондырылған қола күлсауыт, Вьетнам жазушылары 1958 жылы сыйлаған «Шылым қорапшасы», піл сүйегіне өрнектелген Тәжі-Махал мавзолейі мен Индия, Жапонияда жасалған қолөнер туындылары және басқа да экспонаттар ерекше әсемдік дарытады. Үйдегі ең үлкен бөлме – ас үйі. Ондағы қолдан жасалған ас үй жабдықтарын Мұхтар Омарханұлы арнайы тапсырыспен алдыртқан. Бұл үлкен дастарханның айналасына оның қаламдас достары, ғалымдар, көптеген елдердің қоғам қайраткерлері жиналатын. Осы бөлмедегі жәдігерлерге тоқталар болсақ – «Дастархандағы алмалар» атты ерекше композициялық үйлесіммен жазылған натюрморт. Бұл 1916 жылы Мюнхеннің сурет академиясын бітірген дарынды қылқалам шебері А.Риттихтің туындысы. Ал 1948 жылы салынған О.Таңсықбаевтың «Сирень» атты натюрморты бөлмеге ерекше бір сән береді. Сонымен қатар, әдебиет пен өнер қайраткерлері, шетелдік достары сыйға тартқан, жанұя мүшелері өздері сатып алған хрусталь, қола вазалар, үстел сервиздері, қытай кеселері, чех фужерлері, күміс бұйымдар, үлкен парсы кілемі сияқты т.б. жәдігерлер үй бітіміне сән қосады. Жұмыс кабинеті – Мұхтар Омарханұлының сүйікті бөлмесі. Бөлме төріндегі үлкен жазу столында атақты «Абай жолының» соңғы екі кітабын жазды. Осы роман-эпопеясы үшін 1959 жылы Ленин сыйлығын алды. Төрт томнан тұратын роман-эпопея – журналдардағы басылымдарын есепке алмағанда, әлемнің 50 тілінде 160 реттен аса жарық көрді. Жұмыс үстелінің үстінде жазушының өзі белгі соғып, өңдеу жүргізген көптеген парақтар, Одақтағы солтүстік халықтарының эпосы туралы бастапқы жазбалары, бір студенттің диплом жұмысына қатысты соңғы пікірі, В.Н.Әуезова сыйлаған ағаштан жасалған вьетнамдық жазу аспаптары тұғырында оқырман хаттары жатыр. Сондай-ақ жазушы шығармашылығының үнсіз куәгері ретінде «Мұхтардың бүркіті» деп аталған ықшам пішінді мүсінше де жарты ғасырға жуық жұмыс столында тұр. Мұнда аты белгісіз шағын формадағы тағы бір мүсін бар. Ысылдаған сұр жыланның орауына түскен тәкаппар да қайратты құстың қола мүсіні қаламгер Мәскеуден оралған соң пайда болды. Мұхтар Омарханұлы кейде оған көз алмай қарап отырып, отанынан жырақта, қуғында жүрген ауыр күндерін еске алатын. Сонымен қатар жұмыс бөлмесінде М.Әуезовтің жеке кітапханасы орналасқан. Онда 6 мыңнан аса кітаптар пен журналдар сақталған. Келесі жазушының қарындасы Үмияның (1889 – 1985) бөлмесі. Ондағы жәдігердің бірі – М.О. Әуезовтің 60 жылдық мерейтойына байланысты сыйға берілген сырлы жазуы бар үлкен сандық. Оны жазушы қарындасына тарту еткен. Баспалдақпен екінші қабатқа көтеріліп келе жатып Бақи Урманче салған «Мұхтар Әуезов портретін» көресіз. Бұл туындыны 1962 жылы сол кездегі Қазақстанның мәдениет министрі Н.Ғалымжанова музейге сыйлаған болатын. Екінші қабат үш бөлмеден тұрады. Оның бірі М.Әуезов пен Валентина Николаевнаның бөлмесі. Валентина Николаевна (Кузьмина) Петербургте орман шаруашылығы инженерінің отбасында дүниеге келген. Олар 1923 жылы Ленинград университетінің қоғамдық ғылымдар факультетіне түскен кезде танысып, отбасын құрған. Бұл бөлмеде А.Ғалымбаеваның салған Валентина Николаевнаның портреті және басқа да экспонаттар бар. Келесі Мұхтар Әуезовтің өзі еркелетіп Лелюсенька деп атайтын сүйікті қызы Ләйланың бөлмесі. Ләйла Мұхтарқызы Әуезова 1929 жылы Ташкент қаласында туған. Әке тағлымымен қанаттанған зерделі жас 1952 жылы М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің тарих факультетін, 1955 жылы КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірді. 1958 жылы «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанда егіншіліктің дамуы» атты тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Л.Әуезова 1956 жылдан бастап Қазақстан ғылым академиясы жүйесінде қызмет атқарды. Алдымен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында жұмыс істесе, 1962 жылдан өмірінің соңына дейін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрамындағы М.О.Әуезовтің Әдеби-мемориалдық музей-үйін басқарды. Әрдайым жемісті ғылыми ізденіс жолында болған ол 1975 жылы «М.О.Әуезов шығармашылығындағы Қазақстан тарихының мәселелері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Л.М.Әуезова қазақ әдебиеттануының бір үлкен саласы – әуезовтануға елеулі үлес қосты. «М.О.Әуезов шығармашылығындағы Қазақстан тарихының мәселелері» атты кітабы және жазушының ғылыми-мәдени мұрасы туралы топтама еңбегі үшін 1980 жылы оған Қазақстан ҒА-ның Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді. Ләйла Мұхтарқызы М.О.Әуезовтің Москвадағы «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде бірінші рет жарық көрген 5 томдық шығармалар жинағын, қазақ тілінде 12 томдық, 20 томдық шығармалар жинағын, жазушының бұрын белгісіз бірсыпыра туындыларын, ол туралы замандастарының естеліктер жинағын, көптеген ғылыми жинақтар, монографияларды шығаруға басшылық етті. Іскер де тәжірибелі ғалымның жетекшілігімен қаламгер шығармашылығының библиографиялық көрсеткіштері, М.О.Әуезов өмірі мен шығармашылығының шежіресі, жазушы қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы жарық көрді. М.О.Әуезов энциклопедиясы мен М.О.Әуезов шығармаларының 50 томдық академиялық басылымын дайындау ісі Ләйла Мұхтарқызының қажырлы қайратының нәтижесінде басталған еді. Әрқашан айналасына ізгілік, кішіпейілдік пен биік мәдениеттілік нұрын шаша жүретін жарқын жанды Ләйла Мұхтарқызы Әуезова ғалым, белгілі қоғам қайраткері, білікті ұйымдастырушы ғана емес, шын мәніндегі асыл адам болатын. Үйдің осы қабатындағы бір бөлмесінде жазушының 1943 жылы туған ұлы Ернар тұрды. Оның балалық шағы осы үйде өтті. Ол Зоология ғылымдарының кандидаты, ғалым-орнитолог. 1966 – 1988 жылдары ол ҚР Ғылым академиясының Зоология институтында қызмет атқарды. Е.М.Әуезов есімі 1969 жылы Қазақстанда, Алакөлде ғана кездесетін шағаланың жаңа түрін ашқан соң кеңінен танымал бола бастады. Осынау сирек кездесетін құстың терең табиғатын зерттеу нәтижесінде Алакөлде «Реликті шағала» атты табиғи қорық ұйымдастырылды. Бөлмеде доп ойнап жүрген балаларды бейнелейтін тақтайша (филенка) қалпына келтірілген. Бұл жердегі құнды экспонат – үстел. Онда қазақтың алғашқы музыкалық комедиясы «Айман-Шолпан», алғашқы қазақ балеті «Қалқаман-Мамыр», көптеген пьеса, әңгіме, повестер, тамаша аудармалар дүниеге келді. Суреткер Шекспир мен Гоголь, Тренев пен Погодиннің кейіпкерлерін өз тілінде сөйлете білді. Сондай-ақ осы үстелдің басында отырып жазушы «Абай» романының бастапқы екі кітабын тәмамдаған, ол үшін 1949 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. М.О.Әуезовтің мемориалдық музей-үйі бүгінде еліміздің көрнекті тарихи, мәдени ескерткіштерінің бірі болып табылады. М. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме залы М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналған жаңа көрме залы 1997 жылы салынды. Осы жылы жазушының 100 жылдық мерейтойына орай күрделі жөндеуден өткен мұражай мен жаңа көрме залының салтанатты ашылу рәсіміне елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысып, құрметті қонақтарға арналған қолтаңба кітабына өзінің жылы лебізін жазып қалдырды. Жаңадан салынған ғимараттың негізгі жобасын жасаған сәулетші – Ш.Матайбеков. Осы залдағы М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы бойынша жаңа экспозициялық көріністерді безендіріп, орналастырған суретші – Б.Көшербаев. Сәулетші Ш.Матайбековтің шешімі бойынша бұл ғимарат жер астынан жартылай көрініп тұратын етіп салынған. Ғимарат төбесіне Меккедегі Қағба тасы сияқты күмбез орнатылды. Сәулетшінің негізгі идеясы – мұнда келген әрбір көрерменге мұражай тек қазақ әдебиетінің қасиетті мекені ғана емес, қазақ елінің рухани орны деген ойды меңзейді. Көрме залы «Шыңғыстау» панорамасымен ашылады. Бұл өлкеде қазақтың ұлы ақыны Абай, Шәкәрім туған. «...Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген сөздер осы қасиетті Шыңғыстау жерінде М.Әуезовтің дүниеге келгенін білдіреді. Бала Мұхтар алғаш арабша хат танып, атасы Әуездің үйретуімен Абай өлеңдерін жаттап өсті. Сол кездегі Абай өлеңдерін жинап, көшіріп, елге таратқан Мүрсейіт Бікеұлының жазушы мұрағатында сақталған қолжазбасы құнды жәдігерлердің бірі ретінде көрмеге қойылған. Арабша хат таныған (1908 ж. Семей қаласындағы медреседе оқыған) Мұхтарды ағасы Қасымбек Семейдегі 5 кластық қалалық училищеге оқуға түсірген (1909-1914). Ол жас Мұхтардың орысша оқып, жан жақты білім алуына көп ықпал жасаған. Ағасы жөнінде М.Әуезов: «Әкемнен кейін әке сияқты болып, тәрбиелеп баулитын ағам Қасымбек еді. Сонымен бірге жүріп, оқу оқыдым» деген. Көрмеде ағасы Қасымбекпен бірге түскен фотосуреті мен М.Әуезовтің туу туралы куәлігі, әжесі Сақыпжамалдың суреті берілген. Көрмедегі М.Әуезовтің 5 кластық училищеде оқыған кезінде жазған екі жазу дәптері мен аттестаты, ондағы көрсетілген бағалар жазушының оқуға деген ынтасын, сонымен бірге, 1914 жылы Семейде оқып жүрген қазақ-ноғай балалары бірігіп «Ярыш» футбол командасын құрған кездегі түскен суреті балалық шағының қызықты кездерінен сыр шертеді. Осы 5 кластық училищеден кейін М.Әуезов Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқып, білім алады (1915 – 1919 жж.). Семинария қабырғасында жүрген кезінен-ақ М.Әуезов әр алуан қоғамдық қызметтер атқарып, сонымен бірге шығармашылықпен шұғылдана бастайды. Ол Ж.Аймауытовпен бірге 1918 жылы «Абай» журналын шығарады. Сонымен қатар 1919 – 1920 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, кейін председателі болды. Ал 1921ж. Орынборда КирЦИК аппаратында қызмет атқарды. Көрменің осы бір бөлігінде М.Әуезовтің алаш қайраткерлерімен (А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Ғабассов, Ж.Аймауытов, А.Байтасов) бірге түскен суреті берілген. Жазушының шығармашылық жолы да 1917 жылдан басталған. Осы жылы Ойқұдықта Абайдың немересі Ақыштың ұзатылу тойына арнап «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны театры жоқ қазақ даласында, киіз үйде алғаш сахналаған болатын. Пьесадағы Еңлік, Таңшолпан мен Қалампыр рөлдерін жігіттер сомдап, Еңлік рөлінде Ахмет Әуезов ойнаған. Пьесаның режиссері әрі суфлері М.Әуезовтің өзі болды. М.Әуезов пьеса сюжетіне ел аузындағы аңыз әңгімені арқау еткен. Көрмеде «Еңлік-Кебектің» араб әрпіндегі 1922 жылы шыққан кітабы қойылған. Бұдан кейін жазушының баспа бетінде жарық көрген тұңғыш та тырнақалды мақаласы «Қазақтың өзгеше мінездері» деп аталады. Мақала алғаш «Алаш» газетінің 1917 жылғы 30 наурыздағы № 16-санында жарияланды. Көрмеде сол кездегі «Алаш» газетінің алғашқы редакторы болған Көлбай Төгісовтің суреті берілген. Алғашқы қадамын көсемсөзден бастаған жазушы сахара өмірінің тарихи әлеуметтік мәселелерін шынайы көрсету үшін көркем әңгімелер жазуға ойысты. 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімелерінің бірінде жазушы ата-анасынан айырылған жетім қыз Ғазизаның тағдыры арқылы қазақ даласында орын алып келген озбырлықты, әлділердің әлсізге жасаған зорлық зомбылығын, қыр өміріндегі әлеуметтік теңсіздікті суреттеді. Шығармаға өмірде болған нақты тарихи оқиға негіз етіп алынған. Тарихи жер аттары да сол қалпында сақталған. Жазушы С.Мұқанов: «1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесімен Мұхтар шын мағынасындағы европалық прозаның дәрежесіне көтерілді» деген болатын. Бұдан кейін де жазушы әртүрлі тақырыптарда «Сөніп жану», «Кім кінәлі», «Ескілік көлеңкесінде», «Үйлену» т.б. өмір шындығын суреттеген көптеген әңгімелер жазды. 1922 жылы оқуын жалғастыру мақсатымен Орта Азия мемлекеттік университетінің еркін тыңдаушысы болып бір жылдай Ташкент қаласында болады. Көрмеге Ташкент қаласында жиырмасыншы жылдардың бас кезінде шыққан «Сана», «Таң» деген араб әрпіндегі журналдар, «Қорғансыздың күні» (1922), «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал» пьесасының шыққан кітаптары, пьеса қойылымдарының бағдарламалары, жазушының өзі ұстаған сөмкесі қойылған. Білімін жетілдіру мақсатымен жазушы 1923 жылдың күзінде Ленинград университетінің тарих-филология факультетіне ауысады. 1927 жылы студент М.Әуезов арнайы Алматыға келеді. Бұндағы мақсаты 1916 жылғы Албан көтерілісі мен «Қараш-Қараш оқиғасы» өткен жерлер – Қарқара, Асы, Қараш-Қараш жайлауларын аралап, жер жағдайымен, оқиғаға қатысы бар куәгерлермен әңгімелесу еді. Ел арасында көрген білгендері мен естіген тарихи оқиғалар жас қаламгерді ойға қалдырып, үлкен тебіреніске түсіреді. Жетісу сапарынан олжалы оралған М.Әуезов көп ұзатпай, жеделдете белгілі қос туындысын – «Қилы заман» мен «Қараш – Қараш оқиғасын» жазып шығады. «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі нақты тарихи дерекке құрылған тарихи шығарма. Оның негізіне бұрынғы Жетісу облысының Верный уезіндегі шығыс Талғар болысының қазағы Рысқұл Жылқайдаровтың басынан кешкен оқиғасы арқау болған. Жазушы бұл повесінде қоғамдағы жеке адамның бас еркі мен тәуелсіздік үшін күресін, намысшыл әрекеті мен тағдырын суреттеп көрсетті. Осы повесть жөнінде пікір айтқан француз жазушысы Андре Стиль 1961 жылы: «еркіндік сүйгіш, ер көңілді Бақтығұлдың жеңістері мен қателерінің өзі де азаттық пен адам ұлылығын бейнелейді» – деп жазды. Рысқұл Жылқайдаровтың фотосуреттері мен түрмедегі отырған кезіндегі тергеу сұрақтарының мәліметтері көрме залында тарихи айғақ ретінде қойылған. 1916 жылғы қозғалыс бүкіл Қазақстанды, Орта Азияны, Сібір мен Кавказдың бір бөлігін қамтыды. Көтеріліске шыққан халық күш біріктіру қажет екенін түсінді. Мәселен, Жетісу жеріндегі жергілікті тұрғындар ұйғырлармен, қырғыздармен күш біріктірді. Қарқарадағы солдатқа кісі бермей, көтеріліске шығып, патша өкіметінің қарулы қаһарына ұшырап, оққа ұшқан, абақтыға қамалған, атылған, содан кейін мал-жаны, дүние-мүлкі талауға түсіп, мүлде жойылып кету қаупі төнген соң, ата-мекенін тастап, Қытайға ауып көшкен бірқауым елдің тағдырын Мұхтар Әуезов «Қилы заман» повесінде нақты, шынайы түрде бейнелеп берді. Бұл шығарманың ұлттық мүдде мен тәуелсіздік үшін күрескен халқымыздың азаттық күресін бейнелеудегі орны ерекше. Көрме залының осы бір бөлігінде С.Сәдуақасовтың әйелі Елизавета Әлиханқызымен бірге түскен суреті және «Ел ағасы» пьесасының жоспары, «Қилы заман» мен «Қараш-Қараш оқиғасы» повестерінің шет тілдерінде шыққан кітаптары берілген. М.Әуезов 1928 жылы Ленинград университетін бітірісімен Ташкентке қайтып келіп, 1929 жылы САГУ-дің тюркология кафедрасы бойынша шығыс факультеті аспирантурасына қабылданады. 1928-1930жж. қазақтың Халық ағарту институты мен Ташкент Орман техникумында қазақ әдебиетінен дәріс беріп, зерттеу жұмыстарымен айналысты. Оқу мен әдеби-шығармашылық қызметті ұштастыра отырып, М.Әуезов жиырмасыншы жылдардан бастап қазақ әдебиетінің тарихын, фольклорын жүйелі зерттеу мәселесімен шұғылданған. М.Әуезов қазақ орта мектептері мен жоғарғы оқу орындары үшін әдеби оқу құралдарын (программа, әдеби хрестоматия) жасау ісіне де белсене қатысты. Бұл игілікті еңбектің бастамасы Д.Ысқақовпен бірігіп дайындаған, 1929 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан қазақ балаларына лайықталған орыс әліппесі еді. Көрмеге 1927 жылы шыққан «Әдебиет тарихы» кітабының араб әрпіндегі басылымы қойылған. Көрмеде ішектері үзілген, арқанға байланып төмен салбырап тұрған қобыз қойылған. Қобыз – бұл қазақ тілінің, үнінің символы. «Қызыл тіл қолым емес кісендеулі» деп, Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасында жырлап өткендей жиырмасыншы жылдардың соңында қазақтың зиялы қауымының, ұлтшыл азаматтарының қолдары емес, тілдері кісендеулі болды. Сондықтан қобыздың ішегін үзіп, төмен қаратып байлап қоюдағы идея – сол кездегі алаш қайраткерлерінің күйін, жаппай «халық жауы» деп абақтыға жабылып, атылғандардың азаттық аңсаған рухын көрсетуге арналған. Осы көрме залындағы ерекше жәдігерлердің бірі Шәкәрім тасы. Бұнда «...1894 жылы мен құдық қаздым Шәкәрім» деген арабша жазылған жазу бар. Сонымен қатар Шәкәрімнің суретін сақтап қалған Шәукеннің фотосуреті берілген. Шәукен (шын аты Оразғали Бақашұлы Әбдуәлиев; 1905 – 1975) жазушының жерлесі, оның бойындағы табиғи бір кемістігі – сақау әрі құлағы естімейтін саңырау болған. Бірақ алғыр, зерек, табиғаттың тылсым құпиясын жетік білген. 1949 ж. Балтақай Толғамбаев Шәукенді алып Алматыға келген. М.Әуезовтің үйінде он күндей қонақ болған. Сол жолы Шәукен: «Мен 31-жылы НКВД-ның үйін күзетіп, отын жаққамын. Сонда пешке жағуға берген қағаздың арасынан көріп, тығып қойдым. Бұл Шәкәрім қажының суреті» деп ыммен түсіндірген. Шәкәрім Құдайбердиевтің фотосуретінің сақталып қалуының сыры осындай. Бұдан кейін жазушы 1932 жылдан қазақ драма театрының әдеби бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. Оған қоса Қазақ педагогикалық институтында қазақ фольклоры курсы бойынша лекция оқып, аспиранттар даярлау ісіне жетекшілік етті. Содан өмірінің соңына дейін педагогикалық қызметтен қол үзген жоқ. 1934 – 1961жж. С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында жұмыс істеді, қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы, Орта Азия республикалары әдебиеттерінің тарихы бойынша лекциялар оқып, өзі негізін салған Абайтанудан арнайы курстар жүргізді. 1953 – 1954 жж. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университеті филология факультетінің КСРО халықтары әдебиеті кафедрасында профессор болып сабақ берді. М.О.Әуезов әлем және КСРО халықтары, соның ішінде түркі тілдес елдер әдебиетін зерттеді. М.Әуезовтің көркем әдебиетке сіңірген мол еңбегінің бір саласы оның пьесалары. М.Әуезов жалпы саны жиырмадан астам пьеса жазды. Олар: «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Қобыланды», «Абай», «Түнгі сарын», «Хан Кене», «Сын сағатта», «Бекет» т.б. пьесалары. Жазушы «Айман-Шолпан», «Қобыланды» пьесаларының сюжетіне халықтың ауыз әдебиеті мұраларының оқиғасын пайдаланса, ал «Хан Кене», «Бекет» сияқты пьесаларын тарихи жырлардың негізінде жазған. Бұларда автор бірыңғай оқиға жетегімен кетпей, оның идеялық мазмұнын ұштап, сахна заңына лайық көркем туындылар жасап шығарды. 1934 жылы «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын жазды. Қазақтың музыкалық театрының шымылдығы тұңғыш «Айман-Шолпан» комедиясымен ашылған болатын. Осы жылы «Қалқаман-Мамыр» спектаклінің либреттосын жазды. Бұл қазақтың тұңғыш балеттік қойылымы еді. Қазақ әдебиетінде драматургия жанрының туып, қалыптасуы, театр өнерінің өсіп өркендеу кезеңдері М.Әуезов есімімен тығыз байланысты. Көрмеде М.Әуезовтің театр әртістерімен және алғашқы қазақ балеті «Қалқаман-Мамырдың» шығармашылық тобымен (1938) бірге түскен суреті берілген. М.Әуезов қаламынан туып, қазақтың ұлттық театр сахнасынан тұрақты орын алған классикалық туындыларының бірі «Абай» (Л.Соболевпен бірге 1939 жылы жазған) трагедиясы. Пьеса Абай өмірінің соңғы жылдарын, ұлы ақынның ақыл ой парасаты мен шығармашылық қуаты кемеліне келіп толысқан шағын қамтиды. «Абай» трагедиясы жазушының шығармашылық еңбегінің қорытындысы «Абай жолы» эпопеясына барар жолдағы шешуші баспалдақ болды. «Абай менің өмірлік тақырыбым болды» деп жазушы өзі айтқандай «Абай жолы» романын жазуға жиырма жыл уақытын жіберген. Романның 1942 жылы жарыққа шыққан алғашқы кітабын «Моей надежде и радости самой любимой моей Лелюсеньке. С крепкой верой в твое светлое большое будущее. Папа» деп қызы Ләйлаға сыйлаған. Ал романның екінші кітабы 1947 жылы жарық көрді. Осы екі кітабы үшін М.Әуезовке бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық (Сталиндік) берілді. Ал 1959 жылы Кеңестік шығыста бірінші болып «Абай жолы» роман-эпопеясы үшін Лениндік сыйлыққа ие болды. Ұлы суреткердің атағы алыс елдерге тарады, оның эпопеясын әлем білімпаздары, соның ішінде белгілі француз жазушысы Луи Арагон: «Эпикалық «Абай» романы – ХХ ғасырдағы ең таңдаулы шығармалардың бірі» деп бағалады. Төрт томдық эпопеяда қазақ халқының жарты ғасырлық әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық өмірі мейлінше мол ауқымда бейнеленді. Жазушы романда қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі өмір салтын, тұрмыс қалпын, сол заманның шындығын қазақ халқының ойшылы, ақыны, қоғам қайраткері Абай айналасына топтап көрсеткен. Романның сюжетіне Абай өмірінің бірқатар автобиографиялық нақтылы деректері негіз етіп алынған. Эпопеядағы Абай тұлғасы әлем әдебиетіндегі аса ірі көркем бейне, қай жағынан алсақ та, халықтың тағдырымен тамырлас, ажырамас бірлікте көрінеді. «Абай жолы» – жай ғана тарих емес, көркемдік ойдың көрігінен өткен, сомдап бейнеленген өмір шындығы, халықтың тағдыры, өткені мен келешегі жайындағы терең толғаныс. Осы ретте академик Қ.И.Сәтбаев «Абай жолы» романы қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп бағалаған болатын. «Абай жолы» 50-ден астам тілге аударылды. Көрменің «Абай жолы» романына қатысты бөлімінде Лениндік сыйлық беру туралы дипломы мен әр жылдары алған ордендері, «Абай жолы» романын басқан машинкасы, сия сауыты, Тұрағыл қызы Уәсиланың М.Әуезовке арнап тіккен халаты бар. М.Әуезов әдебиет пен ғылымға сіңірген еңбегі үшін екі рет (1945, 1956) «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды. 1957 жылы жазушыға «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілді. Сондай-ақ «Құрмет Белгісі» орденімен, Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбектегі ерлігі үшін медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Советінің Құрмет грамоталарымен наградталған. М.Әуезов 1943 ж. КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл, әдебиет және тарих институты әдебиет секторының аға ғылыми қызметкері болып істеді. 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі және Президиум мүшесі болып сайланды. Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл, әдебиет және тарих институтының қазақ әдебиеті тарихы секторының меңгерушісі. 1957-1961жж. Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты халық ауыз әдебиеті бөлімінің меңгерушісі. Осы бөлімде, М.Әуезовтің Ғылым академиясында жұмыс істеп жүрген кезінде белгілі ғалымдармен бірге түскен суреттері берілген. Көрме залында 1949 жылы 10-19 мамырда өткен Мәскеудегі қазақ әдебиетінің екінші онкүндігіне М.Әуезовтің қатысқандығы жөнінде деректер берілген. Осы мәдени шараға орай С.Мұқановтың «Ботакөз», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ» романы, М.Әуезовтің «Абай» романының 1-2 кітабы (Л.Соболев аударған) орыс тіліне аударылды. М.Әуезов КСРО Ғылым академиясында, Мәскеу мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған әдеби кештерде сөз сөйледі. «Игілікті сапар», «Онкүндіктен кейін», «Ең зор бақыт» деген мақалаларында М.Әуезов өзінің осы әдеби онкүндіктен алған әсері мен түйген пікірлерін жазды. М.Әуезов өмірінің соңғы жылдарында «Өскен өркен» романын жазды. «Өскен өркен» романының бірінші кітабы 1961 жылы жарық көрді, ал екіншісі аяқталмай қалды. Бұл роман жастар мен еңбек адамдарының өмірін суреттеуге арналған. Романға арқау болған оқиғалар туралы жалпы деректер жинау үшін жазушы Оңтүстік Қазақстан жерін аралап, жергілікті халықпен, көне көз қариялармен кездесіп, мәліметтер жинады. Осы деректер негізінде «Оңтүстік сапарынан» деген очеркін жазды. Бұл сапары кезінде М.Әуезовтің жұмысшы, оқушылармен және Абай ұрпақтарымен бірге түскен суреттері де көрме залына қойылды. 1950 жылдардың бас кезінде Бішкек қаласында Қырғызстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы басқарған, мәскеулік және жергілікті белгілі ғалымдар қатысқан үлкен ғылыми жиналыс өтті. Онда қырғыздың ұлы эпосы «Манас» туралы әртүрлі пікірлер айтылып, жырды солақай сынның соққысынан сақтап қалу қажеттігі туғанда, «Манасты мансұқтау бір ұлттың тілін кескенмен бірдей» деп қарсы пікір айтып, қорғап қалған Мұхтар Әуезов болатын. Ол асқан біліктілікпен «Манас» жырын қырғыз халқының ұлы туындысы екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. М.Әуезов қырғыз халқының эпосы «Манасты» зерттеу, нұсқалық варианттарын жинақтау, қалпына келтіру, ғылыми саралау бағыттарында орасан зор жұмыс атқарды. Жазушының «Манас» жырына қатысты жазған зерттеулері М.Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағына түгелдей енді. Көрмеде М.Әуезовтің Шолпан-Атадағы саяжайында түскен суреті және қырғыз эпосы «Манас» жайында жазылған зерттеулері бойынша шыққан кітаптары берілген. 1957 жылы М.Әуезовтің 60 жасқа толған мерейтойы аталып өтті. М.Әуезов мерейтой кезінде өзінің туған жерінде болып қайтты. Осы күндері Абай бейітінің басында түскен суреті, сонымен қатар қазақ жазушыларының М.Әуезовке жазған құттықтаулары, Қ.Қуанышбаевтың сыйға тартқан домбырасы, қазақ драма театры ұжымының иығына жапқан шапаны мен бөркі көрме залынан орын алған. «Жазушылар – жауапты ойдың адамдары, жазушы – қоғам қайраткері» деп М.Әуезовтің өзі айтқандай ол жазушылықпен қатар қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүрді. Ол Бейбітшілік қорғаудың Советтік комитеті мен Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар беру комитетінің мүшесі, КСРО Жазушылар одағы Басқармасының, Қазақстан Жазушылар одағы Президиумының мүшесі, Азия-Африка елдерімен ынтымақтық Советтік комитеті председателінің орынбасары, Үнді-совет достығы және мәдени байланыс қоғамының қазақстандық бөлімінің председателі болды. 1955 жылы КСРО мәдениет қайраткерлері делегациясы құрамында Үндістанда болды, ал 1961 жылы ІІІ Халықаралық бейбітшілік қорғау конгресіне қатысып, Үндістанға екінші рет барды. Үндістандағы болған сапары жайында «Индия очерктері» деген еңбегін жазды. 1955 жылы Берлинде ГДР жазушыларының төртінші съезіне қатысты. 1956ж. Мәдениет қайраткерлері делегациясы құрамында Чехословакияда болды. 1957 жылы Совет делегациясы құрамында Жапонияда өткен атом және сутегі бомбаларына тыйым салу жөніндегі ІІІ Халықаралық конференцияға қатысты. Экспозиция залында жазушының өзі ұстаған, шетелден әкелген, қазіргі таңда мұражай жәдігерлері болып табылатын дүниелері де көрмеге қойылды. М.Әуезовтің жапон жазушысы, қоғам қайраткері Муроямо Томоесимен бірге жапонның ұлттық киімін киіп түскен суреті берілген. 1960 жылы Совет жазушылары делегациясы құрамында Америка Құрама Штаттарында болып, үлкен Колорада арнасында С.Щипачев, О.Гончар, Л.Леоновтармен түскен суреті де бар. Жазушы осы сапары туралы «Америка әсерлері» деген еңбегін жазды. Экспозиция залы М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілгендігі туралы бөліммен аяқталады. 1997 жылы жазушының жүз жылдық мерейтойы Франциядан басталып, өзінің туған жерінде аталып өтілді. Франция, Бішкек, Ленинград, Алматы, Семей қалаларында халықаралық конференциялар болды. М.Әуезов оқыған Ленинград университетінде тақта ашылды. Сондай-ақ Әуезовтің бейнесі бедерленген алтын және күміс теңгелер шығарылды. 1999 жылы халықаралық Абылай хан қоры, Қазақтың тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы мен «Алтын Адам» қоры құрған Қоғамдық кеңестің шешімімен Мұхтар Әуезов «Ғасыр саңлағы» деп жарияланды. 2009 жылдың 3 қарашасында Ресей Федерациясы Президентіне қарасты Геральдикалық Кеңесінің Гуманитарлық қоры М.Әуезовті «Личность Петербурга» деп танып, мұражайға куәлікпен бірге Ұлы император І Петрдің қырынан бедерленген күмістен жасалған медалін табыс етті. Көрме залында қазақтың белгілі кескіндемешісі Қанафия Темірболатұлы Телжановтың М.Әуезовтің балалық шағына арналған «Абай әндері» (1963) атты картинасы ілулі тұр. Онда көктемгі көк шөптің үстінде атасы мен немересінің отырған бейнесі суреттелген. Бала – болашақ жазушы М.Әуезов. Ұлы ақын Абай өлеңдерін оқыған сайын атасы Әуез сөз құдіретіне ұйып, қиялға батқан. Сондай-ақ картинада ұрпақтар үндестігі, мәдениет жалғастығы бейнеленген. Сонымен бірге белгілі мүсінші Петр Дмитриевич Усачевтің (1930-1976) «Мұхтардың жастық шағы» деген ақ мәрмәрдан қашалып жасалған М.Әуезовтің мүсін-портреті (1963) де осы жаңа көрме залына қойылған. Ондағы қалың қара бұйра шашты, жанары отты, салалы саусақтарымен жағын сүйеп отырған арманшыл жастың бейнесі сомдалған. М.Әуезовтің туған, өскен ортасы, жазушылық жолы, қоғамдық қызметі, шетел сапарлары жөнінде жан-жақты мағлұмат беретін көрме залы, «Адамдық негізі – әйел» мақаласынан алынған «Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағіліміңді, бесігіңді түзе!» деген ұлағатты сөзімен аяқталады. Мұражайда М.Әуезов сценарийі бойынша қойылған көркем фильмдер, хроникалық-деректі фильмдер көрсетілетін кинозал бар. Орталықта ғылыми конференциялар мен әртүрлі тақырыпта мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып отырады.